Mac компьютеріңізге арналған маңызды пайдалану ақпараты
Пайдалану ортасы. iMac компьютеріңізді келесі ауқымдардан тыс пайдалану жұмысына әсер етуі мүмкін:
Жұмыс температурасы: 50° - 95° F (10° - 35° C)
Сақтау температурасы: -40° - 116° F (-40° - 47° C)
Пайдалану биіктігі: 16 404 футқа дейін (0 - 5000 метр) тексерілген
iMac компьютеріңізді ауа шаңының немесе сигарет, сигар түтінінің көп мөлшері немесе күлдіктер, пештер немесе ошақтар бар жерде, не болмаса, сүзілмеген ағын суды пайдаланатын ультра дыбыстық ылғалдағышқа жақын пайдаланбаңыз. Темекі шегуден, пісіруден, күюден немесе сүзілмеген су бар ультра дыбыстық ылғалдағышты пайдаланудан туындаған ауадағы майда бөлшектер кей жағдайларда iMac компьютерінің желдеткіш саңылауларына кіруі, белгілі бір жағдайларда iMac дисплейін жабатын шыны панельдің бетін аздап зақымдауы мүмкін.
iMac компьютеріңізді алып жүру. iMac компьютерін көтеру немесе орнын ауыстыру алдында оны өшіріп, барлық кабельдер мен сымдарды ажыратыңыз. iMac компьютеріңізді көтеру үшін бүйірлерінен ұстаңыз.
АБАЙЛАҢЫЗ: Қысып алмау үшін әрқашан қолдарыңыз бен саусақтарыңызды қозғалатын бөліктерден алыс ұстаңыз.
Қосқыштарды және порттарды пайдалану. Қосқышты портқа ешқашан күштемеңіз. Қуат сымын қуат портына қоспастан бұрын қуат портының қалдықтан толығымен таза екенін тексеріңіз. Құрылғыны портқа қосу кезінде порттың қалдықтан толығымен таза екенін, қосқыштың портқа сәйкес келетінін және қосқышты портқа дұрыс орналастырғаныңызды тексеріңіз.
Маңызды: Тек компьютеріңізбен немесе қосалқы құралыңызбен келген түпнұсқа кабельдерді немесе Apple бөлшек сауда дүкенінде немесе apple.com сайтынан онлайн сатылған кабельдерді пайдаланыңыз.
iMac компьютеріңізді сақтау. iMac компьютеріңізді ұзақ уақытқа сақтайтын болсаңыз, оны салқын жерде (дұрысы 71° F немесе 22° C) сақтаңыз.
iMac компьютеріңізді тазалау. iMac компьютеріңіздің сыртын және оның компоненттерін тазалау кезінде алдымен iMac компьютеріңізді өшіріңіз, одан кейін барлық сымдар мен кабельдерді ажыратыңыз. Одан кейін, iMac компьютерінің сыртын сүрту үшін таза, жұмсақ, түбітсіз шүберекті ылғалдаңыз. Саңылауларға ылғал кіргізбеңіз. Сұйықтықты компьютерге тікелей шашпаңыз. Алкогольді, эрозоль спрейлерді, ерітінділерді, қырғыш заттарды немесе сыртқы бетін зақымдауы мүмкін сутегі тотығын қамтитын тазартқыштарды пайдаланбаңыз.
Дисплейді тазалау. Нано құрылымды шыны дисплейді тазалау үшін алдымен iMac компьютеріңізді өшіріңіз, одан кейін барлық сымдар мен кабельдерді ажыратыңыз. Мониторды тек iMac компьютеріңізбен келген жылтыратқыш шүберекті пайдаланып тазалаңыз.
Ескертпе: Кетуі қиын заттарды сирек тазалаған кезде жылтыратқыш шүберекті 70% изопропил спиртінің (IPA) ерітіндісімен ылғалдауыңызға болады. Apple мониторыңыздағы нано құрылымды шыныны тазалау жолы атты Apple Қолдау көрсету қызметінің мақаласын қараңыз.
iMac мониторыңызда стандартты шыны болса, оны берілген жылтыратқыш шүберекпен немесе таза микроталшықты шүберекпен және сумен тазалаңыз. Сұйықтықты экранға тікелей шашпаңыз.
Magic Keyboard немесе Magic Mouse құрылғыларын тазалау. Құрылғыны өшіріңіз, одан кейін кабельді ажыратыңыз (қажет болса). Тінтуірдің немесе пернетақтаның сыртын тазалау үшін аздап суланған таза, жұмсақ, түбітсіз шүберекті пайдаланыңыз. Ешқандай саңылауларға ылғал кіргізбеңіз немесе аэрозоль спрейлерін, еріткіштерді немесе өткір заттарды пайдаланбаңыз.